ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, Сенат депутаттығына канидидаттардың үгіт науқанын қаржыландыру екі жолмен жүзеге асады. Оның біріншісі - мемлекеттің республикалық бюджеттен берілетін кепілі.
«Республикалық бюджеттен біз кандидаттың телеарнадан 15 минут, радиодан 10 минут сөз сөйлеуін, мерзімді баспасөзден екі мақаласының шығуын, таңдаушылармен кездесу үшін залды жалға алу ақысын және типографиялық-плакаттық өнімдерді шығаруды қамтамасыз етеміз, көлік шығындарын да көтереміз», - деді Қуандық Тұрғанқұлов. Оның айтуынша, бұл шамамен 390 мың теңгені құрайды және бұл үгіт жұмыстарын жүргізудің ең төменгі шығын деңгейін қамтиды.
Бұл ретте ОСК төрағасы сайлаудың өңірлерде өтетінін айта келе, барлық үгіт жұмыстары аймақтарда жүзеге асатынын, сондықтан да, облыстық сайлау комиссиялары облыстық, өңірлік БАҚ-пен келісімшарттарға отыратынын атап өтті.
«Екінші қаржыландыру жолы - кандидаттың жеке сайлау қоры арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сайлау қоры да екі көзден құралады, оның бірі кандидаттың жеке қаражаты болса, екіншісі заңды және жеке тұлғалардың қолдау қаражаттары. Бұл шамамен 14 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражатты кандидат заңнама аясында өзінің үгіт жұмыстарын күшейту үшін жұмсай алады», - деп атап өтті Қ. Тұрғанқұлов.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2014 жылғы 1 қазанға тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.