«Баршаңыз білетіндей, республикамыз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған тұстан бастап, дүниеге алғаш рет қазақ ұлтының атымен аталатын жаңа мемлекет пайда болды. Әлемде халқының саны әлдеқайда басым, бірақ жеке мемлекеттігі жоқ ұлттардың да бар екенін білеміз. Ендеше, егемен елдігіміз зор бақыт қана емес, сонымен қатар, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы ғаламат жауапкершілік», - дейді депутат.
Сенат депутаты атап өткендей, «кеңестік республикалар арасындағы бұрынғы сан салалы байланыстар үзіліп, өтпелі кезеңнің қиындықтары белең алған сол шақта абдыраған халықты жасампаздық істерге бастап, тәуелсіздіктің іргетасын нығайту - оңай міндет емес» еді.
«Сол кезде, президентіміз бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, Қазақстан халқын өз соңынан ерте білді. Президенттің талантты басшылығы мен байыпты саясаты арқылы осынау тарих үшін тым қысқа мерзім саналатын 25 жылдың ішінде есімі әлемдік қауымдастыққа белгісіз болып келген республиканы жоғарғы қарқынмен дамып отырған, бейбітшілік саясатымен дүниежүзіне танылып үлгерген мемлекетке айналдыра алды. Сөйтіп, Елбасы Қазақстан халқының артқан зор сенімін үлкен абыроймен ақтап шықты»,-деді сөзін түйіндеген депутат.