Сенат депутаты елдегі мектеп оқулықтарының сапасына алаңдаушылығын білдірді

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына сауал жолдап, мектеп оқушыларына арнап шығарылып жатқан оқулықтардың сапасына алаңдаушылығын білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, республикалық қоғамдық-саяси басылым «Алаш айнасы» басылымының №65 санында «Оқушыны да, оқытушыны да адастырған оқулық» атты мақала жарық көрді. «Онда соңғы жылдары шыққан оқулықтардың 64 пайызының сапасы сын көтермейтіндігі айтылған. Ал осы мақала төңірегінде пікірлерін білдірген мамандар қолданыста жүрген математика пәнінің оқулығы мүлдем талапқа сай еместігін айтқан. Ал Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің доценті Кәмила Бүкібаева математика оқулықтарындағы өрескел қателіктердің бірі - ондағы жаттығулар қате, шешулері шықпайды және есептің жауабымен сәйкес келмейтіндігін айтқан. «Бұл оқулықтардың барлығы мемлекеттен бөлініп отырған мол қаржының арқасында шықты. Ал оның сапасына кім жауап береді. Біз дамыған елдер қатарына қосылуымыз керек, жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет дейміз. Бұл биік мұратқа жетудің басты құралы оқулықтар, ал оны дайындаудағы келеңсіз жайттар осыған тұсау болмай ма», деген қынжылысын білдірді депутат.

Сондай-ақ ол оқулықтардың авторлары шетел азаматттары екендігін айта келе «Сонда, біздің өз елімізде сапалы оқу құралын дайындауға қабілетті бір ғалымның не маманның болмағаны ма? Егер шынымен осылай болса, бұл біздің елдігімізге сын және оны мемлекеттік деңгейде қарау қажет», деп атап көрсетті.