Аурухананың құрылыс аумағы 6 гектарға жуық. Онда 5 негізгі ғимарат пен қосалқы шаруашылық нысандары бой көтеріп жатыр. 150 орындық көпбейінді аурухананың бірнеше блокқа бөлінген ғимараттарында хирургия, терапия, жұқпалы аурулар және балаларға арналған бөлімдер, перзентхана және зертхана болады. Аудандық жаңа аурухана 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Бекбол Орынбасаров мердігер мекеменің өкілдерімен де кездесті. Құрылыстың сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін басты назарда ұстауды қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ 4 шілдеде Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаевпен бірге Ақтау қалалық және Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттарымен бас қосты.
Бекбол Тілеумұратұлы палата қабырғасындағы жұмыстар бағыты мен қабылданған жаңа заңдарға тоқталып, елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы айтып берді.
Жүздесу барысында депутаттар заңдағы олқылықтарға өзгерістер енгізуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру, су, жұмыссыздық, электр қуаты, жол, карьер, жерасты сулары мәселелерін айтып, талқылап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.