Негіздемелік келісімде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастық көзделеді:
— экономиканың макроэкономикалық және фискалдық орнықтылығын арттыру;
— инфрақұрылымды жаңғырту;
— ауыл шаруашылығы секторын дамытуға жәрдемдесу;
— шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарту;
— әлеуметтік секторларға, оның ішінде денсаулық сақтау мен білім беруге инвестицияларды ұлғайту;
— инновациялық және цифрлық даму;
— энергия тиімділігін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру.
Дүниежүзілік Банк тобы қаржыландыратын жобаларды іске асыру Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді, қосымша жұмыс орындарын құруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, инновацияларды, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге ықпал ететін болады.
— Бүгінде еліміз, өздеріңізге белгілі болғандай Дүниежүзілік банк тобымен 30 жылдан астам жұмыс істеп, көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 50-ден астам жоба іске асырылды. Егер оның кейбірін атап өтетін болсақ, ең ауқымды жобалардың қатарында көлік инфрақұрылымы жобалары бар. Елімізде осындай жобаларды тиімді әрі жедел іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік Банкпен стратегиялық өзара іс-қимылды жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты заң аясында қарастырылып отырған Негіздемелік келісімге өткен жылғы 18 маусымда Астанада қол қойылған. Ол Дүниежүзілік банкпен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ жобаларды тиімді әрі жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне орай жасалған, — деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Айта кетейік, жақында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобы елімізде қандай жобаларға қаржы салатынын айтты.