Сенат ЕАЭО аумағында сапасыз өнімге жол бермеуге бағытталған құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл келісімді бекіту Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 53-бабында тікелей көзделген. Құжатта бақылау органдарының өзара іс-қимылы, саудада кедергілер жасауға жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылау нәтижелерімен келіспеген кезде дауларды қарау тәртібі, сондай-ақ ақпараттық жүйе арқылы өзара іс-қимыл жасау қарастырылған», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары–Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, құжатты ратификациялау талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің таралуына жол бермеуге бағытталған.

«Келісімде қолданыстағы заңнаманың барлық талаптары ескерілген. Осы орайда құжаттыратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», - деді министр.