Сенат ЕАЭО-да бірлескен жобаларды қаржыландыруға қатысты құжатты мақұлдады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Хаттамаға 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында қол қойылды. Заңның мақсаты — Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыру үшін құқықтық негіз құруға бағытталған Хаттаманы ратификациялау.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, Хаттамада тізбесін Үкіметаралық кеңес айқындайтын өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру бойынша қолдау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.

Құжатқа сәйкес ЕАЭО комиссиясының Кеңесі Одақ бюджетінің қаражаты есебінен қаржылық жәрдем көрсету туралы шешім қабылдай алады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттеріне Одақ бюджеті бекітілген жылдың алдындағы қаржы жылындағы арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін түсімдердің жалпы сомасының 10 пайызы қаржыландыру көзі ретінде қарастырылған. Бір жобаға арналған субсидияның ең жоғары көлемі жылына 1,8 млрд теңгені құрайды, тиісінше 5 жылда — 9,4 млрд теңгені қамтиды.

Бұдан басқа, Өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы хаттама (ЕАЭО туралы шартқа № 27 қосымша) мыналарды: Одақ бюджетінде көзделетін қаражат көлемін; мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде пайыздық арақатынас мөлшерін және қаржылай жәрдем көрсету нысанын регламенттейтін нормалармен толықтырылды.

Хаттамаға сәйкес мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іріктеу және іске асыру, сондай-ақ ЕАЭО бюджетінің қаражаты есебінен қаржылық жәрдем көрсету тәртібі Үкіметаралық кеңес бекіткен ережеге сәйкес айқындалады. Келісімді ратификациялаған кезде оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейді, сондай-ақ қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.