Сенат ЕАЭО-ның лауазымды адамдарына қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты «2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Ресей азаматтары болып саналатын Еуразиялық экономикалық комиссияның және ЕАЭО сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хаттаманы қабылдаудың мақсаты – РФ азаматтары болып саналатын Еуразиялық экономикалық комиссияның және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау құқығын беру.

«Қаралып отырған құжат Ресей Федерациясыны азаматтары болып саналатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін реттейді. Шарттың 32-қосымшасындағы 53-тармағына ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметтің түрлері (мемлекеттік азаматтық, әскери, өзге де түрлері) бойынша еңбек өтілі бар адамдарға зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік берілетін болады», - деді сенатор Нариман Төреғалиев палатының жалпы отырысында.

Атап айтқанда, хаттаманың Қазақстан азаматтарына тікелей қатысы жоқ.

«Біздің еліміз ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың мазмұнында адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қамтылғанын ескере отырып, біз аталған мәселені қарауымыз керек. Қаралып отырған хаттаманы ратификациялау үшін ешқандай кедергі жоқ деп есептеймін», - деді депутат.