Еске салсақ, ЭКСПО сияқты ауқымды мемлекеттік жобаны жедел іске асыру қажеттігіне байланысты, Мемлекет басшысы аталған заң жобасын Парламентте шұғыл қарауды жариялаған болатын.
Заң жобасы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қолайлы жағдай жасау, тиісті инфрақұрылымды салуға инвестиция тарту, көрмеге келушілер мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа инновациялық технологиялар енгізу, туристік саланы дамыту секілді маңызды дүниелерді қамтиды.
«Заң жобасында көрме ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын ұйымдар үшін жеңілдіктер, көрме нысандарына қатысты сәулет, қала құрылысы қызметін жүзеге асырудың оңтайландырылған тәртібі көзделеді. Шетелдік стандарттарды қолдану мүмкіндігі қарастырылады. Ұсынылған заң жобасында сегіз заңнамалық актіге түзетулер енгізу көзделген, оның ішінде екі кодекс бар - бюджет кодексі және салық кодексі», - деді ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев. Атап айтқанда, Бюджет кодексіне Назарбаев Университеті сияқты Ұлттық компанияны бюджеттен нысаналы салым түрінде жедел қаржыландыру үшін жағдайлар жасайтын өзгерістер енгізіледі. Бұдан бөлек, заң жобасында Ұлттық компанияға қатысты корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша «салықтық босаңсытуды» қамтитын Салық кодексіне түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа және энергия сақтайтын технологиялардың элементтерімен әлемдік ауқымдағы нысандарын жобалау және салу бойынша ауқымды тәжірибесі бар шетел мамандарын тарту рәсімін оңайлату мақсатында, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға осы мамандарды квотадан тыс тартуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіледі. «Халықаралық көрмелер бюросының ЭКСПО инфрақұрылымының құрылысын 2016 жылдың соңына дейін аяқтау жөніндегі талаптарын орындау қарастырылады», - дейді министр. Заң жобасы екінші оқылымда бүгін қаралады деп жоспарланып отыр.