Сенат Елбасының ұсынымымен Жоғарғы соттың екі судьясын босатып, жаңадан судьялар тағайындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Президентінің ұсынымы бойынша ҚР Жоғарғы сотының екі судьясын лауазымынан босату, сондай-ақ ҚР Жоғарғы сотының судьяларын сайлау туралы қаулы қабылдады. Еске сала кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес, ҚР Президентінің ұсынысы бойынша ҚР Жоғарғы сотының судьяларын қызметінен босату Сенаттың ерекше қарауына жатады.

ҚР Президенті Сенатқа ҚР Жоғарғы сотының судьялары Елена Ақмолдаеваны және Владимир Борисовты орнынан түсуіне байланысты қызметінен босатуды, сонымен қатар басқа қызметке ауысуына байланысты ТМД Экономикалық сотының судьясы Венера Сейтімованы қызметінен босату туралы ұсыным жасаған болатын. Бұған қоса, ҚР Жоғарғы сотының судьялары қызметіне Абай Рахметулинді және Бейбіт Шермұхаметовты тағайындау ұсынылады.

Айта кетейік, судья Е.Ақмолдаеваны қызметтен босатуға өзінің өтініш беруі негіз болып отыр. Ал судья В.Борисов жасына байланысты құрметті демалысқа кетуіне орай лауазымынан босатылатын болады.

Сонымен қатар ТМД Экономикалық сотының судьясы В.Сейтімова басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылатын болады.

Ал босатылғандардың орнына Жоғарғы сот судьяларына ұсынылған кандидатуралар сот саласының тәжірибелі қызметкерлері болып табылады. Ұсынылғандардың судьялық еңбек өтілі жеткілікті, жоғары білікті және тәжірибесі мол қызметкерлер болып отыр. Атап айтқанда, Абай Жамбылұлы Рахметулин 1965 жылы туған, Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Ол адвокаттық қызметтен бастап, аудандық және облыстық сот судьяларына дейінгі қызмет лауазымдарын атқарған. Ал Бейбіт Бекмұхаметұлы Шермұхаметов 1962 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында, сот жүйесінде түрлі басшылық қызметтер атқарған.