Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда төлемді алып тастау туралы заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен іліспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Фото: Kazinform

«Аталған заңдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану, электр энергетикасы саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ тұрмыстық техниканың отандық өндірісін қолдау мақсатында әзірленіп, Қазақстан Республикасының Бюджет, Салық, Орман кодекстеріне және қолданыстағы бірқатар заңға түзетулер енгізіледі. Біріншіден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аясында төлемді республикалық, облыстық бюджетке және республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне түсетін түсімдерден алып тастау, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының төлемақы мөлшерлемесін бекіту құзыретін алып тастау ескерілген. Мемлекеттік органдардың құзыретіне қарауында бар табиғи аумақтарды кеңейту, ғылыми зерттеу және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобаларын әзірлеу, қызметтер үшін тарифтердің мөлшерін бекіту ұсынылды», - деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Оның пайымынша, бұл өзгерістер отандық туристік бизнесті одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ биоәртүрлілік пен экожүйелерді сақтау үшін маңызды саналатын табиғи аймақтарда зерттеулерді жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Екіншіден, заңда тұрмыстық құралдарды немесе тұрмыстық электротехника жабдықтарын, сондай-ақ олардың құрамдастарын өткізетін өзге де адамдарды (дистрибьюторларды) қосылған құн салығын төлеуден босату бөлігінде Салық кодексінің 394-бабының редакциясын нақтылау қарастырылды. Осы түзетулер тұрмыстық техниканың ірі әлемдік брендтерін Қазақстан Республикасындағы өндіріске тарту мүмкіндігін және елімізде өндірілген тұрмыстық техниканың құнын төмендетуге ықпал тигізеді.