Шартқа Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекет басшылары ағымдағы жылдың 10 қазанында Минск қаласында қол қойған болатын.
Тоқтала кететін жайт, Минскідегі кездесу барысында Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құрған кезден бастап аталған қоғамдастықты тарату туралы келіскен еді. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, бұған бірқатар себептер бар. «Біріншіден, ЕурАзЭҚ өзінің тарихи міндетін орындады. Оның шеңберінде Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңестік құрылып, Еуразиялық экономикалық одақ жаңа 2015 жылдан өз жұмысын бастағалы отыр. Екіншіден, бір кеңістікте бір-бірінің функцияларын қайталайтын екі ұқсас ұйымның болуы қажет емес», - деді ол.
Осыған орай, 2015 жылдың 1қаңтарынан бастап қоғамдастықтың және оның органдарының, соның ішінде Интеграциялық комитет хатшылығының, Парламенттік Ассамблеяның және ЕурАзЭҚ сотының қызметін тоқтату қарастырылған. Жалпы, құжатта ЕурАзЭҚ таратылған соң күші жойылатын немесе сақталатын халықаралық шарттардың тізбелері де берілген. Атап айтқанда, барлығы 150 халықаралық шарттар болса, оның ішінде 60 шарттың күші жойылып, 90-ы сақталады.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.