Сенат геологиялық барлауға қатысты заңды Мәжіліске қайтарды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Kazibform.
Заңның мақсаты - жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Құжат жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу шарттарын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда:
1) практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшуге;
2) барлық мүмкін болатын сараптамалардың мерзімін 8-12 айға қысқартуға;
3) рәсімдер бойынша әкімшілік кедергілерді 2 еседен аса – 120 күннен 50 күнге дейін азайтылған уақытта жоюға;
4) геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында геологиялық барлауға инвесторларды тарту мақсатында жаңа кен орындары үшін KazRC халықаралық стандарттарын ендіре отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар үшін ғана Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сақтау бөлігінде түзетулер енгізілді», - делінген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінде.
Бұдан басқа:
- жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның KazRC стандарттарына сәйкес дайындалған есептерді, ондағы ресурстар мен қорлар 25 пайыздан астамға азайған кезде тексеру мүмкіндігін сақтау;
- уәкілетті органның пайдалы қатты қазбалардың кен орындарын барлау бойынша ең төмен талаптарды белгілеуі;
- есептілікте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырған немесе жалған мәліметтерді берген адамдардың жауаптылығын күшейту бойынша түзетулер енгізіледі.