Заңның мақсаты - жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Құжат жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу шарттарын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда:
1) практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшуге;
2) барлық мүмкін болатын сараптамалардың мерзімін 8-12 айға қысқартуға;
3) рәсімдер бойынша әкімшілік кедергілерді 2 еседен аса – 120 күннен 50 күнге дейін азайтылған уақытта жоюға;
4) геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында геологиялық барлауға инвесторларды тарту мақсатында жаңа кен орындары үшін KazRC халықаралық стандарттарын ендіре отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар үшін ғана Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сақтау бөлігінде түзетулер енгізілді», - делінген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінде.
Бұдан басқа:
- жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның KazRC стандарттарына сәйкес дайындалған есептерді, ондағы ресурстар мен қорлар 25 пайыздан астамға азайған кезде тексеру мүмкіндігін сақтау;
- уәкілетті органның пайдалы қатты қазбалардың кен орындарын барлау бойынша ең төмен талаптарды белгілеуі;
- есептілікте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырған немесе жалған мәліметтерді берген адамдардың жауаптылығын күшейту бойынша түзетулер енгізіледі.