Сенат: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі жобасының тұсаукесері болды

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасы бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі жобасының таныстырылымы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тұсаукесерді аша келіп осы комитеттің төрағасы Ахан Бижанов бұл кодекс жобасы Мемлекет басшысының 2006 жылғы наурыздың 1-дегі «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленгенін атап өтті.А.Бижанов денсаулық сақтауды жаңғырту осы саладағы мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Өз азаматтары алдында мемлекеттің жауапкершілігін айғақтайтын халық денсаулығы мәселелері елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының жеке бағыты болып отыр.Сенатордың айтуынша, бүгінгі заң жобасы ұлттық медицинаның мәртебесін көтеруді, денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды кодификациялау мен халықаралық стандарттармен үйлестіруді, азаматтардың медициналық қызметпен қамтылу деңгейін жақсартуды, қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтау мәселелеріне қоғам қатынастарын өзгертуді көздейді. Негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев тұсаукесерге қатысушыларды Кодекс тұжырымдамасымен таныстырды. Ол денсаулық сақтау саласындағы ережелерді бір заңнамалық актіге топтастырған, ұлттық құқықтағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюды, оның ережелерін тиісті жағдай мен бүгінгі күнге лайықтауды көздейтін құжатқа жан-жақты тоқталды. Заң жобасының маңызы мен ерекшелігін атап өткен министр, сала жағдайын жақсартудағы міндеттер мен мәселелерді саралап, оларды шешудің жолдарын да ұсынды.Кодекс жобасын талқылау барысында Ж.Досқалиев дәрігерлердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістерге, балалар денсаулығы, «Жедел жәрдем» қызметін нығайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, дәрігер мамандарды даярлауға, Ұлттық медициналық холдинг қызметіне қатысты депутаттардың сауалдарына жауап берді.Сенаторлар С.Жалмағамбетова, Қ.Сұлтанов, А.Башмаков, Т.Мұхамеджанов, Ә.Ахметов, Х.Валиев, Е.Жұмабаев жобаға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Кодекс жобасын Парламентте қарауға әзірлеу тобының жетекшісі Серік Аяғанов таныстырылымға қатысушылар айтқан пікірлер мен ұсыныстар Парламент Сенатында кодекс жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстарында ескерілетінін айтты.