Сенат халықаралық коммерциялық төрелік қызметі туралы жобаны Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің және оның меншігінің иммунитеті, аралық соттар және халықаралық

коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, құжат Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Заң жобасын әзірлеу қажеттігі қолданыстағы ұлттық заңнамада төрелік және аралық органдардың, сондай-ақ дауларды шешу тәсілі ретінде төрелік немесе аралық соттар іс қарау рәсімін таңдау кезіндегі проблемалар туғызатын қарама-қайшы нормалардың орын алуына байланысты туындаған. Осыған орай, құжат бойынша  Қазақстанның қолданыстағы Азаматтық және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізіледі.

Бұдан басқа, заң жобасы халықаралық төрелік және аралық іс қараудан мемлекеттің және оның мүлкінің иммунитетін реттеуге бағытталады. Сондай-ақ құжатқа байланысты аралық соттың және коммерциялық төреліктің құзыретін шектеу, шешімдерді қолданысқа енгізу, орындау және тоқтата тұру секілді шаралар қамтылатын болады.

 Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған жобаға бірқатар өзгерістер енгізді. «Атап айтқанда, орын алған дауларды халықаралық коммерциялық төреліктің шешуіне берген жағдайда өтінішті қараусыз қалдыру ұсынылып отыр. Бұдан басқа, зиянды өтеу туралы даулар бойынша «залал», «зиян» деген ұғымдарды нақтылай түстік» деді сенатор Серік Ақылбай.