Сенат инвестициялық ахуал туралы заңнамаға түзетулерді қарайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болды. Палатаның сәрсенбі, 11 маусымда болатын кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды.

Сенат Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарайды. Мемлекет басшысы шұғыл деп жариялаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланды.

Сенаторлар Қылмыстық-процестік кодексінің, кейбір конституциялық заңдарға және басқа бірқатар заңнамалық актілерге қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жобаларын, сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелері бойынша түзетулерді талқылайды.

Одан басқа, Сенат отырысына «Кәсіптік одақтар туралы» және заңнамаға кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша түзетулер жобалары (бірінші оқылымда) шығарылады.

Бас комитеттердің төрағалары заң жобаларының Сенат отырысына әзірлік барысы туралы баяндады.

Бюрода таяуда Мәжілісте мақұлданған заң жобалары бөлініп берілді. Қаржы және бюджет комитеті кейбір заңнамалық актілерге инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларына бас комитет болып белгіленді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігінің секторын институционалдық нығайту жобасы) ратификациялау туралы, сондай-ақ «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті бас комитет болып белгіленді.

Бас комитеттерге Сенат комитеттерінің ұсыныстарын жинақтау және қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Бюро қаулысымен Сенаттың 2014 жылғы негізгі шаралар жоспарына өзгерістер енгізілді.