Сенат Иран түрмелерінен Қазақстан азаматтарын босататын құжатты қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің сөзіне қарағанда, екіжақты қарым-қатынастар дамығаннан бері кәсіпкерлік және туризм бағытында ел азаматтарының аталған мемлекетке сапарлары жиілеп келеді.

Тек ағымдағы жылы Иранға біздің 350 азаматымыз сапарлады, ал Қазақстанға 2346 ирандық келді.

«Қазіргі кезде Иранда сотталған біздің адамдар жоқ. Алайда, біздің азаматтар алдағы уақытта да болмайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан да біздің мемлекет отандастарымызды шетелде қорғау үшін құқықтық тетіктерге ие болуы тиіс», - деді ол.

Соңғы 10 жылда ирандық 5 азамат Қазақстанда істі болды және олардың соңғысы қарашада бостандыққа шығып, еліне оралды. Сонымен қатар Иранда біздің бір азамат абақтыға тоғытылған еді, кейіннен ол рақымшылыққа ілікті.

Құжатқа сәйкес, екі елдің арасында сотталғандарды беру үдерістері келісілді. Мәселен, егер де Иранда қазақстандық бұзақылық үшін жеті жылға жазаға тартылса, үкім заңды күшіне енгеннен кейін осы азамат немесе оның заңды өкілі еліміздің консулдық мекемелері арқылы жазаны одан әрі өтеуі үшін оны Қазақстанға ауыстыру туралы прокуратуға өтініш жасауы тиіс.

Оның сөзіне қарағанда, сотталғандарды өзара беру шаралары екі жағдайда бас тартылуы мүмкін, яғни бұл егемендікке, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіргенде, екі тараптың заңнамасына және мүдделеріне қайшы келгенде.

Айта кетейік, келісімге ағымдағы жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары аясында қол қойылды.