Сенат Ыстықкөлде Қазақстанның басқаруындағы нысандарға қатысты заңды мақұлдады

Фото: Сенат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңды мақұлдады.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, заң аясында келісімде курорттық-рекреациялық шаруашылықтардың төрт объектісіне: «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорт-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорт-сауықтыру орталығына Қазақстан Республикасының меншік құқығы белгіленеді. Құжат Қазақстан тарапының объектілерді (базаны қоспағанда) жаңғырту жөніндегі міндеттемелерін 2029 жылдың соңына дейін жыл бойы жұмыс режимі бар 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін ұзартады. Сондай-ақ объектілерді салу кезеңінде де, пайдалану кезінде де жұмыс күшінің кемінде 80%-ын Қырғыз Республикасының азаматтары қатарынан тарту жөніндегі талап белгіленеді. Түзетулері бар хаттама сондай-ақ осы міндеттемелерді орындау үшін инвесторларды тарту мүмкіндігін көздейді.

Сонымен қатар, палата депутаттары 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңды мақұлдады.

Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 1 желтоқсандағы шартқа сәйкес, Қазақстан тарапына «Қазақстан» санаторийінің (17,5 га), «Университет» пансионатының (17,4 га), «Самал» демалыс үйінің (9,2 га) және «Олимп» пансионатының (14,7 га) аумағын қоса алғанда, Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданында орналасқан жалпы ауданы 58,8 га жер учаскелері 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) берілді.

- Шарттың және оған өзгерістер енгізу туралы Хаттаманың ережелерімен 2006 жылғы 4 шілдедегі Ыстықкөл облысындағы курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқықтарын реттеу жөніндегі осы құжаттарда белгіленген міндеттемелердің орындалуы регламенттеледі. Құжат тараптардың өзара кепілдіктерін бекітеді, Қазақстандық тарап жер учаскелерін және оларда орналасқан мүліктік кешенді қатаң нысаналы пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды, ал Қырғыз тарапы жалға берілетін объектілерге қол сұғылмаушылыққа кепілдік береді және оларды мемлекеттік меншікке алып қоюға бағытталған іс-әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді, - делінген Сенат комитетінің ақпаратында.

Шартқа енгізілген, инвестициялық қызметті ынталандыруға бағытталған өзгерістер ерекше маңызға ие. Белгіленген нормалар объектілерді дамыту және жаңғырту жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін сыртқы инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстандық тараптың мемлекетаралық келісімдердің талаптарын тиімді орындауына және курорттық кешеннің материалдық-техникалық базасының сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда Ыстықкөлді Алматымен байланыстыратын жол ашылды.