Сенат қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтетін құжатты мақұлдады

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлданды.

- Заңның негізгі мақсаты - күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің қызметін жетілдіру, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейту, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру. Қаралып отырған заң келесі негізгі ережелерді қамтиды. Біріншіден, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына тұрғын үй төлемдерін беру, есептеу тәртібін айқындау бойынша өкілеттікті Қазақстан Республикасының Үкіметіне беру бөлігінде түзетулер енгізіледі. Осыған байланысты, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органы қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін алуға құқықтары мен олардың міндеттері осы заңмен бекітіліп, ал осы құқықтарды іске асыру тетігі заңға тәуелді актілерде көзделетін болады, - деді сенатор Советбек Медебаев.

Бұл түзетулер нормалардың артық регламенттелуін болдырмауға және заңға тәуелді актілердегі құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңында азаматтық және қызметтік қару иелері үшін қосымша міндеттер бекітіледі. 

Үшіншіден. «Күзет қызметі туралы» Заңында:

- күзет қызметі саласындағы субъектілердің қызметі туралы есептілікті уәкілетті органға ұсынуы бойынша міндеттері бекітіледі.

- жеке күзет ұйымының филиалы мен өкілдігінің басшыларына қойылатын міндетті талаптар енгізіледі. Қазіргі уақытта бұл талаптар жеке күзет ұйымының басшылары мен күзетшілеріне ғана қолданылады. Төртіншіден. «Теміржол көлігі туралы» Заңында «әскерилендірілген теміржол күзеті» деген ұғым енгізіледі және оның құқықтық мәртебесі бекітіледі.

Бұдан басқа оған транзиттік теміржол жүк тасымалдарын жүзеге асыруға тартылған терминалдар аумақтарында үшінші тұлғаларға жүктерді және теміржол көлігі объектілерін күзету жөніндегі қызметтерді көрсету құқығы беріледі. 

- Сонымен қатар, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңында уәкілетті органның қылмыстық қатерлерді анықтау жөніндегі болжамды-талдамалық қызметті жүзеге асыру нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, оларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілеріне жіберу бөлігіндегі құзыреті кеңейтіледі, - деді депутат.

Сенатор Жанна Асанованың сөзіне қарағанда, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ішкі істер органдарында есепте 4 463 жеке күзет ұйымы тіркелген. Күзетшілер саны 97 мыңнан асады. Жеке күзет ұйымдары полиция қызметкерлерімен тең дәрежеде күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында қару иелері мен күзет қызметі ұйымдарына талаптар күшейтілетінін жазған едік.