Сенат: Қазақстан аймағына экологиялық жағынан қауіпті заттарды әкелуге тыйым салатын заң жобасы мақұлданды

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында аталмыш құжат бойынша баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтың сөзіне қарағанда, құжат елімізге қоршаған ортаға қауіп тудыратын зиянды заттардың әкелінуіне тыйым салады. «Бүгінгі таңда экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін технологиялар мен жабдықтарды еліміздің аумағына енгізуді шектеу жөніндегі құқықтық тетікті қалыптастыру қажет. Осыған орай талқыланғалы отырған құжат дамыған елдердің кәсіпорындары құтыла алмай отырған экологиялық стандарттарға сай келмейтін, ескірген технологиялар мен тозығы жеткен жабдықтарды, сапасыз техниканы шет елден сатып алуға және оны пайдаланудан бас тартуға үндейді. Ал бұл мәселе бүгінгідей дағдарыс кезінде аса өзекті болып табылады. Қазіргі таңда ескірген және лас технологияларды, техника мен жабдықтарды елімізге әкелуге тыйым салуды, сондай-ақ осындай технологияларды анықтау шараларын Экологиялық кодекске енгізу қажет», - деді министр. Оның айтуынша, заң жобасы экологиялық жағынан қауіпті технологиялар мен техниканың және жабдықтардың нақты анықтамаларын көрсетіп, оларға жаңаша түсінік береді.