Сенат Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестиция жөніндегі құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың айтуынша, Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастық жыл сайын көптеген сала бойынша кеңейіп келеді.

«Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық өзара қарым-қатынастың маңызды бағыты болып отыр. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктері капиталының қатысуымен 371 заңды тұлға тіркелген. Қазір 5,1 млрд АҚШ доллары сомасына 22 жоба іске асырудың түрлі сатысында тұр», - деді Қ. Омаров.

«Елдер арасындағы инвестициялар өсімінің елеулі әлеуетін ескере отырып, екі елдің инвесторларын қорғау және қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері арасында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Құжатты ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға, сондай-ақ қаржылай шығындарға әкеп соқпайды», - деді министрдің бірінші орынбасары.