Аталған келісімге 2011 жылы 6 қазанда Астанада қол қойылған.
Құжаттың күшіне енуі арқылы Қазақстан мен Литва арасындағы жалпы азаматтық, ұлттық паспорт иелері үшін Визасыз режим орнатуға негізгі шарт болмақ. Бұл ретте құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтап, оларды елдеріне қайтаруды көздейді. Аталған санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ Виза немесе рұқсатының уақыты өтіп кеткеннен кейін елімізде қалып қойған адамдар жатады.
Бұл ретте Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары реадмиссия үшін Қазақстанның шекарасын кесіп өту пункті болып бекітіледі. Ал Қазақстан мен Литва Республикасының Ішкі істер министрліктері осы келісімді іске асыратын құзіретті органдар болып табылады.
Тұтастай алғанда, құжатты ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттердің аумағында заңсыз жүрген азаматтарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды және олардың транзитін жеңілдетеді. Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.