Сенат Қазақстан мен Марокко арасындағы бірқатар келісімді қарайды

Фото: Коллаж/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы үш келісімді талқыға салады.

Сонымен жалпы отырыстың күн тәртібіне мына мәселелер ұсынылып отыр:

- «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы»;
- «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы»;
- «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар.

Фото: Мәжіліс

Айта кетерлігі, бұл заңдарды Мәжіліс осы жылдың қыркүйек айында қабылдаған болатын. Сол кезде мәжілісмен Жарқынбек Амантайұлы Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісім тараптардың аумақтарында қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін белгіленген адамдарды экстрадициялау мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталғанын айтқан еді.

Оның мәліметінше, аталған келісім 2024 жылғы 12 желтоқсанда Рабат қаласында жасалды. Құжатқа сәйкес, тараптар өздерінің аумақтарында қылмыс жасағаны анықталған адамдарды одан әрі қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін бір-біріне ұстап беруге міндеттеледі.

Келісімде адамдарды ұстап беру және одан бас тарту үшін нақты негіздер көзделеді. Ұстап беру үшін кемінде 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе тараптардың заңнамасына сәйкес неғұрлым қатаң жаза көзделетін қылмыстық іс жасау негізгі шарт саналады.

— Бұл ретте сот үкімін орындау мақсатында ұстап беру, егер сұрау салу келіп түскен сәтте жазаның өтелмеген мерзімі кемінде алты айды құраған жағдайда жүзеге асырылады, — деді ол.

Фото: Абай облыстық ПД

Ал екінші келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған.

- Бұл келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін бір-біріне беруге міндеттенеді. Келісімде сотталған адамды беру туралы сұрау салуды беру рәсімі және оның мазмұны туралы нормалар қамтылады. Сонымен қатар, бір тараптың екінші тарапқа берген сотталған адамының үшінші тараптың аумағы арқылы транзитіне жол беріледі, - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Үшінші келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек алу және көрсету мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған

Фото: pixabay

Бұл келісімге сәйкес тараптар өзара негізде және онда көрсетілген шарттарды сақтай отырып, қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді. Құқықтық көмек, егер сұрау салу жіберілген қылмыс екі тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жаза тағайындалатын болып табылса ғана көрсетіледі.

Айта кетейік, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар «Жасанды интеллект туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды, сондай-ақ, екі оқылымда «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Сол отырыста жасанды интеллектіге қатысты құжатқа байланысты баяндама жасаған сенатор Бибігүл Аққожина құжатқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін бірқатар түзету қабылданғанын айтқан болатын

- Мәселен, жауапкершілікті сақтандырудың ерікті түрін қолдануды алып тастау қарастырылып отыр. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ерікті түрде сақтандырумен қатар, жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және оларды пайдалануға байланысты тәуекелдерді міндетті түрде сақтандыруды қолдану ұсынылады. Бұдан басқа, Мәжіліс қабылдаған заңда тәуекелдер анықталған жағдайда нұқсанды барынша азайту жөніндегі іс-қимылдармен шектелу көзделген. Түзетуге сәйкес, жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иегерлері мұндай қатерлерді болғызбау үшін нұқсанды да болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауы керек, — деді депутат.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Нақты айтқанда, он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін коммерциялық емес ұйымдардың әкімшілік жауаптылығын енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып жасалған туындылар адамның оларды жасауға шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана авторлық құқықпен қорғалады деген түзету енгізу мәселесі сөз болды. Сенат депутаттары жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезіндегі тәуекелдерге қатысты өзгерістер бойынша да ұсыныстар берді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев дипфейк авторларын алаяқтық, бопсалау немесе заңсыз ақша жинау үшін жауапқа тартуға шақырды

- Белгілі бір адамдардың атынан әлеуметтік желіде көптеген дипфейктің жарияланып жатқанын көріп жатырмыз. Осы дипфейктер арқылы бір адамдардың образын жасап, шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер жасалып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі осы жалған мәлімделерде қандай да бір қорға ақша салуға үгіттеп жатады. Ары қарай бұл жағдай ушыға түсуі мүмкін және қазір осының алғашқы белгілерін байқап отырмыз, — деді Мәулен Әшімбаев.

Оның пайымынша, жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын мұндай жалған жаңалықтар, бұрмаланған ақпарат және манипуляция күрделі мәселеге айналады.

— Құқық қорғау органдарымен бірлесе жауапкершілік мәселесін пысықтау керек. Бұл әрекеттерді жасанды интеллект емес, адамдар жасайды. Сондықтан алаяқтық, бопсалау, заңсыз ақша жинау үшін осы адамдарды жауапқа тарту керек, — деді Сенат төрағасы.