Сенат Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы әріптестік шартын ратификациялады
«Тәуелсіздік жылдарында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастық серпінді дамуда. Біздің елдеріміз ТМД кеңістігінде, ықпалдастық бірлестіктер, әсіресе Ұжымдық қауіпсіздің шарт ұйымы, ШЫҰ құрылымдар шеңберінде тиімді өзара іс-қимылдар жасауда. Халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша біздің мемлекеттеріміз ұстанымдары сәйкес келіп жатады. Қазақстан мен Тәжікстан халықаралық бастамаларына өзара қолдау көрсетеді»,-деп тоқталды заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді.
Оның сөзіне қарағанда, сыртқы факторлардың әсерінен екіжақты тауар айналымының төмендеуі байқалып отыр. Дегенмен, егер де басқа елдермен тауар айналымы орташа алғанда 30 пайызға төмендесе, Тәжікстанмен бұл көрсеткіш 17 пайызға ғана төмендеді. Сонымен қатар кейбір позициялар бойынша өзара сауда артқан екен.
«Жыл сайын Тәжікстан азаматтары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында 50 мемлекеттік грант бөлінеді, сондай-ақ ҚР азаматтары үшін аталған елдің оқу орындарында гранттар беріледі. Қазақстан осы мемлекетте тұрақтылықты сақтауға қажетті күш-жігер жұмсауда және Тәжікстанға тұрақты негізде гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Бұл елге 2006-2015 жылдар аралығында тауар түрінде жіберілген гуманитарлық көмектің жалпы құны 30 млн. АҚШ долларын құрады», - деді министрінің бірінші орынбасары.
Жаңа шарттың мақсаты стратегиялық әріптестік деңгейіндегі екіжақты қарым-қатынастарды және екі елдің өзара тығыз іс-қимылын бекіту болып табылады.