Сенат Кеден одағының кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады

аусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады.

Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталмыш құжаттың мақсаты кеден одағының бірыңғай кеден аумағында кедендік реттеуді қамтамасыз ету болып табылады. «Хаттамада Кеден одағы кеден кодексінің 152 бабына өзгерістер енгізіліп отыр. Бұндай өзгерістердің басым бөлігі редакциялық және нақтылау сипатында болып табылады. Бұл ретте елеулі өзгерістерге Кеден одағының бірыңғай кеден аумағы ұғымын нақтылау, ұлттық заңнаманы бірыңғай кеден аумағында пайдалану, тауарларды шығару шарты және тауарларды шығару мерзімдерін қысқарту шаралары қарастырылған», деді заң бойынша баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев.

Естеріңізге сала кетейік, аталған Кеден кодексі 2009 жылы қарашаның 27-ісінде Минск қаласында жасалған Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Ал заңда қамтылып отырған өзгерістер мен толықтыруларға 2010 жылғы сәуірдің 16-сында Мәскеу қаласында қол қойылған болатын.