Сенат: Кейбір заңнамалық актілерге әскери қызметшілердің жауапкершілігі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Заң жобасы тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі қылмыстық жазалауды жоюға, әскери қылмыстың бірқатар құрамдарын (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 371-бабының 1-бөлігі, 372-бабының 1, 3-бөліктері, 379-бабының 1-бөлігі) әкімшілік құқық бұзушылық қатарына ауыстыруға және қызмет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірмейтін құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуге бағытталған.Заң жобасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 367, 369, 371, 372, 374, 379, 382-баптары нормаларының санкцияларындағы тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазалау бас бостандығынан айыруға не қамауға ауыстырылады, ал ол жазалаудың балама түрі ретінде көзделетін баптарда (368, 370, 373, 375, 376, 377, 378, 387, 388, 389, 390, 391-баптар) алынып тасталатын болады.Заң жобасымен қызмет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірмейтін бұйрыққа бағынбау немесе оны өзге де орындамау (ҚР ӘҚБтК-нің 512-4-бабы) және қылмысқа қатысы жоқ құқық бұзушылықтар (512-1 ? 512-3 баптар) жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Одан басқа әскери полиция органдарының құзыреті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығымен толықтырылды.Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.