Сенат «қоғамдық жұмыстар» түріндегі жаңа әкімшілік жазаға арналған заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заңның міндеттері - «қоғамдық жұмыстар» әкімшілік жазалаудың жаңа түрін реттеу, сондай-ақ әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіру. Құжат аясында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізілді және оны орындау тетігі айқындалды.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінше, Конституцияның 24-бабына сәйкес мәжбүрлі еңбекті қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы сот актісі негізінде немесе төтенше жағдайда, сондай-ақ соғыс жағдайы кезінде ғана қолдануға жол беріледі. Қазіргі уақытта қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза қылмыстық заңнама аясында қолданылады. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес, қоғамдық жұмыстар сотталғандардың қоғамдық орындарда жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
- Бұл ретте Қылмыстық-атқару кодексі 24-бабының жетінші бөлігіне сәйкес түзеу жұмыстары, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі орындайды. Қаралып отырған Заңда «қоғамдық жұмыстарға тарту» түріндегі әкімшілік жазаны қолдануды іске асырудың осыған ұқсас тетігі ұсынылады. Заңмен жазаның осы түрінің орындалуын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға бекітіліп беріледі, - делінген Сенат комитетінің ақпаратында.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер аясында әкімшілік жазаның қоғамдық қауіптілік сипатымен және дәрежесімен салыстырмалылығын ескере отырып, 11 бап пен 15 құрам бойынша (мысалы, ұсақ бұзақылық, жалпыға бірдей пайдаланылатын орындарды ластау, қоғамдық орындарда тиісу және т.б.) қоғамдық жұмыстарды қолдану мүмкін болады. Заңда әкімшілік жазаның бұл түрі қолданылмайтын адамдардың (жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі жастағы жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейінгі жастағы жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған еркектер, он сегіз жасқа толмаған адамдар, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және т.б.) толық тізбесі де айқындалған.
Бұдан басқа, Заңмен мыналарға:
- әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша күштеп әкелуді қолдану тәртібін белгілеуге;
- қысқартылған іс жүргізудегі істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайлармен істерді қайта қарау рәсімін реттеуге (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12 нормативтік қаулысын іске асыру үшін);
- санкциялар сот қана қолданатын жазаларды көздемейтін кейбір құрамдарды мемлекеттік органдардың ведомстволығына одан әрі беруге;
- қолданыстағы салалық заңдарды (материалдық нормаларды) ескере отырып, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдарын енгізуге, қолданыстағы жазалау шараларын күшейтуге, сондай-ақ жекелеген жағдайларда жауаптылықты жұмсартуға немесе алып тастауға бағытталған әкімшілік-деликтілік заңнама жетілдіріледі.
Тұтастай алғанда, Заңда ӘҚБтК-нің 246 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ 247 құрамға түзетулер енгізу көзделеді, оның ішінде:
- 45 құрам бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтардың (айыппұл санкцияларының) қолданыстағы құрамдарын қатаңдату немесе күшейту көзделеді (мысалы, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу (386-бап); жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді сату (423-1-бап); ортақ пайдаланылатын орындарды ластау
(434-2-бап).
– 20 құрам бойынша әкімшілік жауаптылықты (айыппұл санкцияларын) жеңілдету белгіленеді (466-бап. Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкiлдiктерді есептік тiркеу туралы заңнамасын бұзу, Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу (400-бап), көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу (597-бап).
Сондай-ақ заңда заңсыз пайда табу, су қоры, прокурорлық «сүзгі» бойынша түзетулер қамтылады.
Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8 мамырдағы № 542 Жарлығын іске асыру үшін прокурорлық сүзгі бойынша түзетулерге бастамашылық жасалды. Атап айтқанда, түзетулер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғау туралы шешімдерді прокурорлармен келісуін көздейді.
Мұнымен қоса, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жаңа кассациялық соттар жұмысын бастайды. Осыған байланысты заңда кассациялық сотқа жүгіну мен онда қайта қараудың бірыңғай қағидаларына бағытталған түзетулер қамтылды.
- Әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Заңда адвокаттармен қатар әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның мүдделерін білдіру үшін заң консультантына құқық беру жөніндегі түзету көзделеді. Бұдан басқа, Заң шеңберінде заң консультанттары әкімшілік жауаптылыққа жататын субъектілер тізбесіне енгізілетін түзетулер бар, - деп аталып Сенат мәліметінде.