Сенат қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту шараларын жалғастырады - Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен міндеттерге тоқталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: senate.parlam.kz

«Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. Жиында Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге арналған бірқатар міндетке тоқталды.

Сенат үшін аталған сала – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, яғни 5 әріптесіміз және басқа да сенаторлар этносаралық ынтымақтастықты арттыруға белсенді қатысып жүр. Сенат алдағы уақытта да қоғамдық келісім мен бірлікті одан әрі нығайтуды көздейтін шараларды іске асыруға өз үлесін қоса береді. Осы жолда бәріміз бірлесіп нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың кезекті отырысын аша отырып.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІ сессиясы өтті. Айтулы жиында Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.