Сенат комитеті «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізін қаржыландыруға арналған жобаны қарады

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда Қазақстан мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге №1 Қосымша келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Құжатқа сәйкес, бұл Келісімді (Оңтүстік - Батыс жол дәлізінің жобасы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі) іске асыру көлік дәлізі өтетін аймақты экономикалық дамытуға, сондай-ақ еліміздің көлік жүйесінің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға ықпал етеді. Отырыста депутаттар Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын да қарады. Келісімнің мақсаты Азия Даму Банкінен «Шетпе-Ақтау» автомобиль жолының 170 шақырым болатын бөлігін қаржыландыруға, сондай-ақ құрылысты қадағалау шаралары үшін Қазақстан Республикасына берілетін қарызын қарастыру болып табылады. Келісімді іске асыру республиканың және Маңғыстау облысының аумағынан халықаралық көлік тасымалын ұлғайтуға, инфрақұрылымдарды дамытуға, халықты жұмысқа тарту мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, сөйтіп, аймақтың және тұтас еліміздің экономикасына оң әсерін тигізетін болады. Екі құжат та Палатаның қарауына жіберілді.