Сенат комитеті экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды әкелуге тыйым салатын жобаны талқылады
13:09, 26 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылым бойынша талқыға түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжат экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды елге әкелуге тыйым салады. Сондай-ақ заң жобасы табиғи ресурстарды орынды пайдалану және қоршаған ортаның ластануы, ескірген «лас» технологияларды бақылаусыз әкелу, жаңартылған ресурстарды тиімді пайдалану секілді проблемаларды шешу үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастыруға бағытталады. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні елімізде пайдаланылған ресурсы бар және экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды көптеп әкелудің салдарынан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тиіп отыр. Осыған байланысты, заң жобасы арқылы халықаралық тәжірибеге сәйкес экологиялық талаптарға сай келмейтін жабдықтарды әкелуді шектеу жөнінде тетік қалыптастыру көзделеді.
Құжатты қабылдау кәсіпорындарды шет елдерден келетін ескі әрі зиянды технологияларды қолданудан бас тартуға ынталандыруға бағытталады. Мұндай зиянды технологиялардан әлемнің дамыған елдерінің барлығы бас тартып келеді. Сондықтан да Қазақстанға «лас» технологияларды әкелуді шектеу ендігі күні Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу арқылы жүзеге аспақ. Бұл мәселе әсіресе, әлемдік дағдарыс жағдайында көптеген мемлекеттердің өз аумағына тиімсіз технологияларды әкелуді шектеп отырған тұста өзекті болып отыр. Жобаның жүзеге асуы экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықтарды Қазақстан аумағына әкелу мемлекеттік реттеу арқылы жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде қоршаған ортаның ластану деңгейі, өндіріс және тұтыну қалдықтарының саны біртіндеп төмендейтін болады.
Комитет мүшелері заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.