Сенат комитеті халықаралық келісімдерді ратификациялауға қатысты заң жобаларын қарастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында халықаралық келісімдерді ратификациялау бойынша заң жобалары қаралды.

Атап айтқанда, жиында «Азаматтық үдерістің мәселелері бойынша Конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған Конвенцияның тәртібі азаматтық үдерісті іске асыру тұрғысында осы құжатқа қатысушы елдердің мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы мақсатында бірегей халықаралық-құқықтық негіздерді құруға бағытталған. Сонымен қатар комитет мүшелері ҚР азаматтарының РФ аумағында және РФ азаматтарының ҚР аумағында болуы тәртібі туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарастырды. Бұл келісім 30 күн бойы тараптардың құзыретті органдарында міндетті тіркеусіз екі ел азаматтарының жеңілдікті тәртіпте жүріс-тұрысын бекітуге бағытталған. Бұдан бөлек, отырыста рұқсатсыз келген азаматтардың реадмиссиясы туралы ҚР Үкіметі мен Швейцария Федералдық кеңесі арасындағы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы талқыға салынды. Талқылаулардан кейін құжаттар Палата қарауына ұсынылды.