Сенат комитеті кәсіптік одақтар туралы жаңа редакциядағы заң жобасын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы талқыланды.

Мәжіліс мақұлдаған аталған құжатта кәсіподақ қозғалысының ұйымдық негіздері айқындалады. Сонымен қатар заң жобасы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды, әлеуметтік жанжалдардың алдын алуды және осы үшін әлеуметтік әріптестіктің рөлін арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, біріншіден, қызметкерлер мүддесі өкілдігін білдіруде, келіссөздер жүргізу барысында кәсіподақтардың басым құқығын беру қарастырылған. Ал қолданыстағы тәжірибе бойынша қызметкерлер өкілеттік берген жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар кәсіподақтармен теңдей дәрежеде өкілдік ете алатын еді.

Бұдан бөлек, заң жобасында әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссиялардың өкілеттігін ұлғайту, олардың функцияларын реттеу көзделеді. Мысалы, кәсіподақ қозғалысының республикалық деңгейінде әлеуметтік еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қарап, ұйғарымдар дайындау, әлеуметтік еңбек даулары мен жанжалдарын болдырмау нормалары қарастырылған.

Сонымен қатар кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік бойынша мүшелікке міндетті болады. Яғни, кәсіподақтардың қызметін әлеуметтік әріптестіктің тиісті деңгейінде мүшелілік қағидатымен құру ұсынылып отыр. Бұл ретте кәсіпорындар бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің өкілі болып есептеледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің мүдделерін өңірлік деңгейде қорғау үшін кәсіподақтардың өңірлік бірлестіктеріне бірігу құқығы беріледі. Ал мүддені салалық деңгейде қорғау үшін салалық кәсіподақтарға мүше ұйым ретінде кірігу ұсынылады.