18:38, 24 Сәуір 2009
Сенат комитеті Каспий жағалауы газ құбырын салуға қатысты ынтымақтастық туралы келісімді талқылады
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын
талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған келісімнің мақсаты Каспий жағалауы газ құбырын салу жобасына қатысушы уәкілетті органдар мен олар жұмысқа тартатын мердігерлер үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі бірлескен міндеттемелерді қабылдау болып табылады. Осы мақсатта жобаға қатысушы елдердің аумақтары бойынша табиғи газды сенімді тасымалдануын қамтамасыз етуге бағытталған газ саласындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту шарасы қамтылады.
Келісімнің 5-бабында Каспий жағалауы газ құбыры арқылы тасымалданатын қазақстандық газды қабылдау-беру орны болып Ресей Федерациясының аумағында орналасқан «Александров Гай» газ өлшеу стансасы, Қазақстанның кеден аумағы арқылы тасымалданатын түрікмен газын ? Түрікменстан аумағында орналасқан «Қарабұғаз» газ өлшеу стансасы айқындалған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кеден кодексі 6-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шектері, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады. Осы кодекстің 55-бабының 4-тармағына сәйкес құбыр жолдары көлігімен және электр беру желілері бойынша тасымалданатын тауарлар үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу пункттері уәкілетті органмен келісілген коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылған жер болып табылады.
Келісімді ратификациялау елдің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыру үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына және бюджетке түсімдердің артуына септігін тигізеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімге Мәскеу қаласында 2007 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылған. Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.