Сенат комитеті кеңейтілген отырыста мемлекеттік баждың мөлшеріне қатысты келісімді талқылады

None
АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда сенаторлар «1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезіндегі мемлекеттік баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Еске сала кетсек, аталған заң жобасы бұған дейін Мәжіліспен мақұлданған болатын. Ал Хаттамаға 2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған. Құжаттың мақсаты Келісімді уағдаласушы Тараптардың соттарына берілетін талап арыздар бойынша мемлекеттік бажды төлеу тәртібін нақтылайтын нормалармен толықтыру болып табылады. Хаттамамен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сот-төрелік органдарына мемлекеттік бажды төлеудің бірыңғай ақшалай баламасы ретінде Ресей Федерациясының рублі белгіленген. Мемлекеттік бажды өзге валютада төлеу сот орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі.

Заң жобасы Палатаның алдағы отырысының қарауына жіберіледі.