Сенат комитеті сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін нормаларды жоятын құжатты талқылады

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

Құжат еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте қолданыстағы заңнаманы ескірген және бір-бірін қайталайтын нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, қолданылып жүрген құқықтың ішкі қайшылықтарды жою қажеттігі атап көрсетілген болатын. Осыған байланысты заң жобасымен 33 заңнамалық актіге түзету енгізу көзделген. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне мемлекеттің әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет жасауының құқықтық тетігін белгілеуге бағытталған 13 заң актісіне түзету енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін нормаларды алып тастау қарастырылады.