Еске салсақ, құжат бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Аталған құжаттың мақсаты жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй мәселелерін шешу, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ осы санаттағы балаларды әлеуметтік жағынан бейімдеу болып табылады. Бұл ретте заң жобасымен Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады.
Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру бойынша заңнамалық деңгейдегі жауапкершілік жүктеледі. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегіне басым құқық беру көзделеді. Олардың баспана мұқтажын шешу үшін осы санатты мемлекеттік тұрғын үйге жеке есепке алу туралы норма қамтылады.
Тоқтала кетейік, қазіргі уақытта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 34 мыңнан асады. Оның 27 мыңнан астамы, яғни 80 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж болып отыр.