Сенат комитетінде бірқатар заң жобалары және Жоғарғы Сот судьясына кандидаттарды сайлау мәселелері қаралды

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Констиуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Кодекс жобасы қылмысты тергеу рәсімдерін оңайлату және жеделдетуге, оған қоса қылмыстық үдеріске тартылған адамдардың конституциялық құқықтары жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз ету, сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстық сот өндірісін жетілдіру, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталған.

Сондай-ақ комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің жобасымен сәкестендіруге бағытталған.

Атап айтқанда, заң жобасы сотқа дейінгі тергеу өндірісін бастауды реттейді, анықтау және тергеу органдарының қызметінде жасырын тергеу іс-қимылын қолдану, сондай-ақ қылмыстық істі қозғау кезеңдерінде және тергеуге дейінгі және тағы басқа тексеруді реттейтін ережелерді алып тастауды көздейді.

Заң жобасымен 38 заңнамалық актіге: Азаматтық іс жүргізу кодексі, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске, «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» кодекске, «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Прокуратура туралы», «Қазақстан Республикасындағы ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Адвокаттық қызмет туралы» және басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы бірқатар конституциялық заңдарды Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің жобасымен сәйкестендіруге бағытталған.

Құжатпен бес конституциялық заңға: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы Констиуциялық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және соттардың мәртебесі туралы» заңдарына өзгерістер енгізіледі.

Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің ережелеріне сәйкес бұлтартпау шаралары қатарынан қамауға алу алынып тасталады да ұстауда болумен алмастырылады. Бұл ретте Қылмыстық кодекс жобасына сәйкес, қамауға алу қылмыстық әрекет жасағаны үшін жаза ретінде қолданылатын болады. Осыған байланысты, жоғарыда айтылған конституциялық заңдарға тиісті бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.

Комитет отырысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінің жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Кодекс жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін елеулі түрде көтеру және қылмыстық жазаларды орындалу тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Құжат бостандықтан айыруға, пенитенциарлық және пенитенциардан кейінгі рецидив деңгейін төмендету, сотталғандардың әлеуметке бейімделуіне байланысты емес жазалардың кеңінен қолдануына жағдай жасайды, сондай-ақ сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелеу үдерістеріне жұртшылықтың қатысу тетіктерін қалыптастырады.

Заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.

Комитетте қызметін доғаруына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Николай Мамонтовты және Нұрия Сенғалиеваны қызметінен босату туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы қаралды.

Одан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғары Сот Кеңесі ұсынымына негізделген ұсынуы бойынша Серік Абдырахманов пен Мейрам Жанғұттиновты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы етіп тағайындау туралы мәселе де қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот судьясына кандидаттарды Палатаның қарауына енгізу туралы шешім қабылданды.