Хаттаманың мақсаты Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенін жасау жөніндегі жобаларды іске асыру аясында француз тарапы атқаратын жұмыстар мен қызмет көрсетулерге салынатын қосымша құн салығын төлеуден босату болып табылады. Бұл мемлекет іске асыратын инновациялық жобалардың құнын азайтады, соған сәйкес, республикалық бюджеттің қазіргі кездегі ауыртпалығын төмендетеді, сондай-ақ жобаның ақтау мерзімін қысқартады.
Келісімге 2009 жылғы 6 қазанда қол қойылды. Француз тарапын қосымша құн салығынан босату мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында қаралды және оң қорытынды берілді. Француз Республикасының Президенті Ф.Олландтың өткен жылғы желтоқсандағы мемлекеттік сапары аясында Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы осы Хаттамаға қол қойылған болатын. Құжат Палатаның қарауына жіберілді.