Келісім 2013 жылғы 24 қазанда Мәскеуде жасалған болатын.
Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға, Психотроптық заттар туралы конвенцияға, Біріккен Ұлттар ұйымның есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясына және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында бекітілген халықаралық келісімдерге сәйкес әзірленген болатын.
Заң жобасын қабылдау есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің кеден аумағы арқылы өткізу тетіктері мен тәртібін реттеуге мүмкіндік береді. Жеке адамдар бұл құралдарды сырқаты бойынша расталған дәрігерлік құжаттары болғанда жеке пайдалануы үшін дәрі-дәрмек түрінде Тараптар заңнамасында белгіленген көлемде шектелген мөлшерін алып жүре алады.
Сондай-ақ комитетте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Келісім мақсаты Сот төрелігі секторындағы негізгі ұйымдардың институционалдық мүмкіндіктері мен операциялық тиімділігін арттыру болып табылады.
Жоба аясында мына бөліктер жүзеге асырылады: құқықтық және институционалдық базаның негізгі бөліктерін іске асыруды нығайту; Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі қызметінің сапасын және жеделдігін арттыру; судьялардың тиімділігі мен кәсіби біліктілігін көрсету.
Комитетте одан басқа «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.
Заң жобасы 2011 жылғы 2 мамырдағы Қазақстан Республикасының заңымен ратификацияланған Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияға осы конвенцияның ережелерін ескере отырып, жаңа редакциядағы түсіндірме беруді көздейді.
Құжаттар Палатаның қарауына жіберілді.