18:37, 16 Маусым 2009
Сенат Комитетінде Кодекс жобасы талқыланды
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің жобасы талқыланды.
Бұл жоба бірінші оқылымда палатада мақұлданған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кодекс жобасы денсаулық сақтау жүйесі мен халық денсаулығына байланысты заңнамалық актілерді жүйелеуге арналған. Сөйтіп, дәрігерлік көмек көрсету, денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау мен тіркеу ісі тәртіпке келтіріледі, кепілді тегін дәрігерлік көмек мөлшерін көрсету жүйеленетін болады.Отырыста қоғам денсаулығын сақтау, оның ішінде салауатты өмірді қалыптастыру, темекі тартудың, алкоголизмнің алдын алу және оны шектеу мәселелеріне және басқа да ізгілікті істерге ерекше назар аударылды.Заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттерден түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, Мәжілісте мақұлданған жобаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.Онда, атап айтқанда кодекс жобасының кейбір ішкі ережелерінің қайшылықтарын жою, оларды Әкімшілік құқық бұзушылық, Азаматтық кодекстермен, «Байланыс туралы», «Техникалық реттеу туралы» және басқа да заңнамалық актілерге сәйкестендіру көзделіп отыр.Кодекс жобасында дәрі-дәрмекті, дәрігерлік мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға орай оның қағидалары белгіленген бірыңғай дистрибьютер қызметіне байланысты жеке бап енгізілетін болады, сондай-ақ дәрі-дәрмекті жеткізушілерден бірыңғай дистрибьютердің сатып алуы рәсімдері белгіленеді.Кеңейтілген отырыста денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға нақтылаулар енгізетін заң жобасы да талқыланды. Ол заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге оларды «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына сәйкес келтіру мақсатында түзетулер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, Еңбек, Салық кодекстеріне, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Жарнама туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Лицензиялау туралы» және тағы да басқа заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.Жобаны талқылау барысында Мәжілісте мақұлданған жобаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тіркелуі туралы куәліктің күшін жоюға, он сегізге толмағандарға темекі бұйымдарын сатуға тыйым салуға, денсаулық сақтау саласындағы ақиқатқа жанаспайтын жарнамаға қатысты бірқатар нақтылау және толықтырулар енгізу ұсынылды.Одан басқа Еңбек кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қабылданатын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің тұжырымдамасына сәйкес келетін түзетулер ұсынылып отыр.Екі заң жобасы да палатаның қарауына жіберілетін болды.