Сенат комитетінде «Медиация туралы» заң жобасы талқыланды

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің отырысында «Медиация туралы» заң жобасы талқыланды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін артыру туралы» Жарлығын жүзеге асыруға бағытталған заң жобасында жанжалды шешудің балама тәсілі - бітімгершілік - медиация институтын пайдалануға енгізуді көздейді.

Атап айтқанда, медиация мынандай жағдайларда:

-азаматтық-құқықтық қатынастарда, оның ішінде кәсіпкерлік және басқа да экономикалық іс-қимыл барысында, сондай-ақ еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарда пайда болған дауларды реттеудегі құқықтар бойынша;

-қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында - жеңіл және орташа қылмыс туралы істер бойынша қолданылады.

Заң жобасында бұдан басқа, медиация ұғымы айқындалып, оны жүргізу қағидалары, медиаторлар мен медиацияны жүргізетін ұйымдардың құқықтық ережелері, сондай-ақ медиацияны жүргізу тәртібі бекітілген.

«Медиация туралы» заң жобасын жүзеге асыратын, қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізетін қосымша заң жобасы да әзірленген болатын. Сөйтіп, ұсынылып отырған заң жобасымен басқа заңдарды бір мезгілде сәйкестендіру үшін Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Азаматтық, Азаматтық-іс жүргізу, Әкімшілік тәртіп бұзушылық туралы кодекстерге, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болды.

Заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.