Сенат комитетінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жөніндегі заң жобасы талқыланды

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Аталған заң жобасы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруді көздейді. Құжат сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастар субъектілеріне бөлінетін қаражатты тиімді игерудегі жауапкершілікті арттырады. Бұған қоса заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлу кезінде мемлекеттік саясаттың басым тұстарын және республика мен жекелеген өңірлердің әлеуметтік экономикалық даму қажеттіліктерін есепке алуды қарастырады.

Осыған байланысты заң жобасындағы түзетулердің негізгі бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша құқықтық кеңістікті жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар құжатқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыру үдерісінде мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекетін регламенттейтін нормалар енгізіліп отыр. Заң жобасында Үкі­мет­тің, уәкілетті және мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты белгіленген. Бұл ретте бұрындары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бір министрлік беріп келсе, енді оны әр ведомство өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыра алатын болады.