Сенат комитетінде мемлекеттің және оның меншігінің иммунитеті, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру туралы заң жобасы қаралды

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің және оның меншігінің иммунитеті, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасын талқылау барысында шетелдік заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасына қарсы талаптарына байланысты халықаралық төрелік тексерістерге қатысу тәжірибесі мемлекет және оның мүлігінің иммунитеті мәселелерін толықтай заңнамалық тұрғыда реттеу қажеттігін көрсетіп отырғаны айтылды.

Одан басқа қолданыстағы ұлттық заңнамада аралық және төрелік соттар  қызметі үшін мәселе туындататын, сондай-ақ дауларды шешу ретінде аралық және төрелік соттар тексерістері рәсімдерін таңдағысы келетін жеке және заңды тұлғалар үшін ережелер бар.

Сондықтан Азаматтық, Азаматтық іс-жүргізу кодекстері мен «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.