Сенат комитетінде мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласына қатысты заң жобасы қаралды

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Хаттамаға 2013 жылғы 24 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған болатын. Құжаттың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясына мұнай жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауды аяқтау және Қазақстанның ішкі нарығын ресейлік өндірістің жоғары октанды бензинмен және авиакеросинмен тұтынуға қажеттті мөлшерде үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады. Одан басқа, Хаттаманың ережелерімен ресейлік мұнай өнімдерінің Қазақстан аумағында қайта экспортталуының алдын алу үшін қазақстандық экспорттық кедендік алымдар деңгейі ресейлік ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік алымдар деңгейімен теңестірілетін болады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.