Сенат комитетінде шаруа немесе фермер қожалықтары туралы заң жобасы талқыланды

АНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасы шаруа немесе фермер қожалықтары қызметі саласындағы қатынастарды реттеуді жетілдіруді көздейді, оның ішінде Жер кодексіне және «Шаруа (фермер) қожалығы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, Жер кодексінің 10-бабына елді мекендердің шегінен тыс орналасқан жер учаскелері бойынша өзгеріс енгізілетін болады. Оның кадастрлық (бағалау) құны жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жеке меншікке берген кездегі төлемақының базалық ставкаларының мөлшеріне негізделе отырып, айқындалады.

Одан басқа, шаруа немесе фермер қожалықтары субъектілеріне мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жасау мүмкіндігі беріледі, шаруа немесе фермер қожалықтарының осы мүлкін сатқан немесе сыйға тартқан жағдайда ұзақ мерзімге уақытша жер пайдалану құқығын беру заңнамалық тұрғыдан бекітіледі.

Талқылаудан кейін заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.