Сенат комитетінде «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасы қаралды

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасының негізгі мақсаты телерадио хабарларын тарату қызметін жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды реттейтін нормаларды заңнамалық бекіту, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау болып табылады. Бұл ретте құжатпен республика халқын эфирлік сандық телерадио хабарларын таратумен толық қамту, телерадио хабарларын тарату саласында бірыңғай нормативтік құқықтық базаны, эфирлік сандық, кабельдік, жерсеріктік және телерадио хабарларын таратудың басқа да түрлерінің бірыңғай стандарттары мен параметрлерін қалыптастыру, отандық телевизия және радиоарналардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту көзделеді.

Сондай-ақ, заң жобасының жекелеген нормалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға сәйкес келтірілді. Комитеттің кеңейтілген отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телерадио хабарларын тарату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыланды.Заң жобасы еліміздің кейбір заңнамалық актілерін «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңының жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген болатын.Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Салық кодекстеріне, еліміздің «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Лицензиялау туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды.

Екі заң жобасы да палата қарауына жіберілді.