Сенат комитетінде терроризмге қарсы іс-қимыл және мемлекеттік материалдық резерв мәселелері бойынша заң жобалары қаралды

None
АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы  іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,

 деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Бұл заң жобасы террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімдерін қолдануға тыйым салуға, экстремистік немесе террористік ұйымның өз атауын өзгерту фактісін соттың анықтау тетігін реттеуге, бұқаралық ақпарат құралдарында терроризмге қарсы операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтер мен материалдарды таратуды шектеуге, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін реттеуді жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасымен «Терроризмге қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, терроризмге қарсы операцияға қатысатын адамдардың мүмкіндіктерін негізсіз тарылтуды болдырмау мақсатында азаматтардың тұрғын үй-жайларына террористердің ізіне түскен кезде ғана кіруге болады деген қағиданы алып тастау ұсынылады. Заңнамаға сәйкес келтіру үшін, егер кідіру адамдардың  өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін болғанда, осы іс-қимылдың шарты ретінде жол берілетіндігін бекіту ұсынылады.

Одан басқа, жүргізілген іс-қимылдардың заңдылығын тексеру үшін тұрғын үйге кіру фактілері туралы хабарламаны жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жіберу  туралы нормамен толықтыру ұсынылады.

Сонымен бірге, ТМД-ға қатысушы елдердың заңнамаларын біріздендіру мақсатында шаралардың террористік қауіп дәрежесімен мөлшерлестігі түрінде заңды терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асырудың жаңа принципімен толықтыру ұсынылады.

Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік материалдық резерв мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Бұл жобаның негізгі мақсаты «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» және «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын мемлекеттік материалдық резерв жүйесін дамытудың тұжырымдамалық көзқарастарына сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтардың орнын толтыру болып табылады.

Заң жобасымен «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңға өзгеріс енгізіледі, онда әлеуетті өнім берушілер тобын ұлғайту, тауар бағасына оңды ықпал ету, материалдық құндылықтарды уақтылы шығару мақсатында мәліметтерден құпияландыруға, орналастыруға жататын материалдық құндылықтарды сақтау пункттерін алып тастау ұсынылады.

Уәкілетті органның мемлекеттік резерв номенклатурасын толтыру мақсатында жұмылдыру резервінің броньнан шығарылған материалдық құндылықтарының орнын ауыстыруға қатысты шешімді қабылдау жөніндегі жаңалық енгізілді.

Нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару тәртібі де айқындалған.

Комитет отырысында қаралған екі заң жобасы да палатаның қарауына жіберілетін болды.