Сенат комитетінде ТМД мемлекеттернің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы заң жобасы қаралды

АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды,

деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға Кишиневте 2008 жылғы 14 қарашада қол қойылған болатын.

Конвенцияның мақсаты еңбекші-мигранттарға, олардың отбасы мүшелеріне және қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қатысты тең қарауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер аумақтары бойынша жұмыс күшінің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау болып табылады.

Конвенцияның күші қабылдаушы Тараптың аумағында заңды негізде жүрген барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қолданылады. Әрбір еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшесінің Тараптардың кез келгенінің аумағында оның заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес өзінің құқықтық субъектілігінің танылуына құқығы бар.

Конвенцияға қатысушылар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне құқықтарын іске асыруға кепілдік береді, өз аумақтарында еңбекші-мигранттарды тарту және олардың еңбегін пайдалану саласында өзара іс-қимыл жасайды, еңбекші-мигранттардың қабылдаушы тарапта болу  және ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі аяқталғаннан кейін қайтару мәселелері жөнінде барлық мүмкін болатын шараларды қабылдайды, медициналық сақтандыру, кәсіптік білім беру мәселелері бойынша ынтымақтасады.

Конвенцияға Қазақстан Республикасының еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қамсыздандыруға, сондай-ақ оларға жалпы және қосымша кәсіптік білім беруге қатысты нормаларды қолданған кезде, Қазақстан ұлттық заңнаманы басшылыққа алатыны туралы ескертпесімен қол қойылған болатын.

Заң жобасы талқыланғаннан кейін палатаның қарауына ұсынылатын болды.