Сенат комитетінде төрт заң жобасы қаралды

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы отандық кинематографияны, мұражай және кітапхана ісін қолдауға және дамытуға, сондай-ақ мәдени мұраларды қалыптастыруға және сақтауға қатысты қолданыстағы құқықты одан әрі жетілдіруді көздейді.

Заң жобасын қарау барысында «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының түсіндірме бөлігіне, фильмдерге прокат куәлігін беру тәртібіне, сондай-ақ  мемлекеттік тілге кәсіби түрде аударылған фильмдер прокатына қатысты түзетулер енгізу қажеттігі айтылды.

Отырыста «Босқындар туралы»заң жобасы да қаралды. Бұл заң жобасын әзірлеуге Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық алдында босқындарға қатысты белгілі бір міндеттемелер алуы негіз болып табылады. Олар - жер аударып жібермеу принципі, босқын мәртебесін беру рәсіміне қолжетімділік, уәкілетті органның босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру туралы шешіміне шағымдану және аппеляция беру мүмкіндігі.

Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасы аумағында баспана іздеген адамның және босқындардың құқықтық жағдайын айқындау болып табылады.

Комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне босқындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Бұл заң жобасымен Қазақстан  Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Халықтың көші-қоны туралы» және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Отырыста «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы палатаның қарауына ұсынылды.